№1 энергоблокты пайдалануға беру актісіне қол қойылды

Альмира Ауелбаева December 24, 2024

Екібастұз 1-МАЭС-те №1 энергоблокты пайдалануға беру актісіне қол қойылды. Энергетика саласындағы маңызды оқиғаға ҚР Энергетика Вице-министрі Сұңғат Есімханов, «Самұрық-Энерго» АҚ Басқарма Төрағасы Қайрат Мақсұтов қатысты.

№1 энергоблокты қалпына келтіру жөніндегі жобаны іске асыру Екібастұз 1-МАЭС-ке 30 жылда алғаш рет сегіз блоктық режимде толық қуатта жұмыс істеуге мүмкіндік берді. Осылайша станцияның қуаты 4000 МВт-қа дейін артты.

Жоба аясында ЕМАЭС-те энергия тиімділігі бойынша жақсартылған көрсеткіштері бар қуаты 540 МВт жаңғыртылған энергоблок, жаңа қазандық және турбина жабдығы, ластағыш заттардың шығарындыларын азайту үшін электр сүзгілері және технологиялық процестерді басқарудың заманауи автоматтандырылған жүйесі орнатылды.

№1 энергоблокты пайдалануға беру жаңа жұмыс орындарын ашады, қосымша 400-ге жуық маман тарту жоспарлануда. Сондай-ақ, электр станциясының қуатын арттыру экономиканың басқа салаларын дамытуға мультипликативті әсер етеді.

Жалпы алғанда, жобаны іске асыру тұтынушыларды, өнеркәсіптік кәсіпорындарды тұрақты және сенімді энергиямен жабдықтауды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, сондай-ақ электр энергиясының тапшылығын жабады және елдің энергетикалық тәуелсіздігін қамтамасыз етуде маңызды қадамға айналады.

Жедел желiсi ТОО «ГРЭС-1 им. Булата Нуржанова»