12 маусымда Екібастұз 1-МАЭС-інде кәсіпорын қызметкерлерімен «Ғаламтор - алаяқтықтың алдын алу» тақырыбында ақпараттық-түсіндіру кездесуі өтті. Іс-шара заманауи цифрлық технологияларды қолдану арқылы жасалатын қылмыстардан сақтандыру, сондай-ақ халықтың құқықтық және қаржылық сауаттылығын арттыру жұмыстары аясында ұйымдастырылды.
Еңбек ұжымының алдында мемлекеттік және құқық қорғау органдарының өкілдері сөз сөйледі:
• Самаров Жақия Ғайниденұлы — Павлодар облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің аға жедел уәкілі;
• Ергебаев Елухан Саматұлы — Павлодар облысы әкімі аппаратының мемлекеттік-құқықтық бөлімінің басшысы;
• Тоқымов Азамат Жұмабекұлы — Екібастұз қалалық Полиция басқармасы Криминалдық полиция бөлімінің бастығы.
Кездесу барысында спикерлер қазіргі уақытта қаскөйлер белсенді қолданып жүрген интернет-алаяқтықтың ең көп таралған схемалары туралы айтып берді. Жасанды интеллект технологияларын пайдалана отырып жасалатын алаяқтық әрекеттердің жаңа түрлеріне ерекше назар аударылды. Қылмыскерлердің туыстардың, әріптестердің, кәсіпорын басшыларының, банк және мемлекеттік орган қызметкерлерінің тұлғасын имитациялау (айнытпай салу) үшін жасанды дауыстық хабарламаларды, бейнеқоңырауларды және цифрлық технологияларды қалай пайдаланатыны қатысушыларға түсіндірілді.
Станция қызметкерлеріне цифрлық қауіпсіздік шараларын сақтау, жеке мәліметтерді, банк карталарының реквизиттерін, құпия сөздер мен растау кодтарын үшінші тұлғаларға бермеу, сондай-ақ қандай да бір қаржылық шешім қабылдамас бұрын түскен ақпаратты мұқият тексеру қажеттілігі туралы ескертілді.
Құқық қорғау органдарының өкілдері өз сөздерінде өңірде тіркелген алаяқтық схемалардың нақты мысалдарын келтіріп, оларды анықтау жолдары мен қорғану шаралары туралы баяндады. Телефон және интернет-алаяқтықтың алдын алуға, сондай-ақ күдікті әрекеттер байқалған жағдайда құқық қорғау органдарына уақытылы жүгінудің маңыздылығына ерекше екпін қойылды.
Кездесу ашық диалог форматында өтті. Кәсіпорын қызметкерлері өздерін мазалаған сұрақтарын қойып, цифрлық кеңістіктегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша тәжірибелік ұсыныстар алды.