«Болат Нұржанов атындағы Екібастұз 1-МАЭС» ЖШС қызметкері — жалпыстанциялық жабдықтарды пайдалану және жөндеу цехының іске қосу қазандықтарының 5-разрядты аға машинисі Сауле Зиндинқызы Лекерова III дәрежелі «Еңбек Даңқы» орденімен марапатталды.
Сауле Зиндинқызы станцияда 1988 жылдан бері еңбек етіп келеді. Еңбек жолын аралаушы-машинистен бастап, энергия блоктарын іске қосу операцияларына, жөндеуден кейін қазандықтарды шығару мен қайта енгізуге, жылутехникалық жабдықтардың сенімді жұмысын қамтамасыз етуге тікелей қатысатын жоғары білікті маман деңгейіне дейін өсті.
С.З.Лекерова өзін жауапкершілігі жоғары, техникалық тұрғыдан сауатты маман ретінде көрсете білді, ұжым арасында зор құрметке ие және жас қызметкерлерге өз тәжірибесін үйретіп келеді. Оның адал әрі мінсіз еңбегі лайықты бағаланып бірнеше рет марапаттар алып, алғысқа иеленді.
Екібастұз 1-МАЭС ұжымы Сауле Зиндинқызын жоғары мемлекеттік наградасымен шын жүректен құттықтай отырып, зор денсаулық пен алдағы кәсіби қызметінде толағай табыстар тілейді!

