Екібастұз қаласының басқару органдары, азаматтық қорғау күштері және санатталған объектілері қатысқан кешенді оқу-жаттығу аясында «Б. Нұржанов атындағы Екібастұз ГРЭС-1» ЖШС аумағында Павлодар облысы Төтенше жағдайлар департаменті, Екібастұз қаласы әкімдігі және қалалық төтенше жағдайлар басқармасы өкілдерінің қатысуымен тактикалық-арнайы оқу-жаттығу өткізілді.
Оқу-жаттығу сценарийіне сәйкес азот-оттегі станциясының учаскесіндегі ауа құбырының жарылуына байланысты шартты аварияның салдарын жою іс-қимылдары пысықталды. Жаттығудың негізгі мақсаты – басшылық құрамның, азаматтық қорғау күштерінің, өрт сөндіру бөлімінің және өнеркәсіптік қауіпсіздіктің авариялық-құтқару қызметінің авариялық-құтқару және басқа да кезек күттірмейтін жұмыстарды орындау кезіндегі практикалық дағдыларын жетілдіру болды.
Оқу-жаттығу барысында жедел әрекет ету, жағдайды бағалау, қызметтер арасындағы өзара іс-қимылды ұйымдастыру, шартты зардап шегушіні іздеу және құтқару, авария салдарын оқшаулау, алғашқы медициналық көмек көрсету және эвакуациялау бойынша іс-қимылдар пысықталды. Жаттығуды шынайы жағдайларға барынша жақындату мақсатында манекендер мен арнайы техника, оның ішінде өрт сөндіру автомобильдері, авариялық-құтқару техникасы және жедел медициналық жәрдем көлігі пайдаланылды.
Оқу-жаттығу қорытындысы бойынша Павлодар облысы Төтенше жағдайлар департаментінің өкілдері жеке құрамның дайындық деңгейіне, барлық бөлімшелердің үйлесімді іс-қимылына және станцияның күштері мен құралдарының төтенше жағдайларға жедел ден қоюға дайындығына жоғары баға берді.