Елімізде «Таза Қазақстан» атты ауқымды экологиялық акция өтуде. Оның басты мақсаты — тек экологиялық жағдайды жақсарту ғана емес, сондай-ақ экологиялық жауапты ойлау жүйесін қалыптастыру, табиғатқа ұқыпты қарау мәдениетін дамыту және азаматтарды қоршаған ортаны қорғауға тарту.
Экологиялық қозғалыс қоғамдық өмірдің маңызды бөлігіне айналуда: тұрғындар ағаш отырғызуға, сенбіліктерге белсенді қатысып, аулалар, көшелер мен саябақтардың тазалығын сақтауда.
Бұл игі іске Екібастұз 1-МАЭС-і де өз үлесін қосты. Станция аумағында шамамен 600 тал терек отырғызылды. Акцияға тек кәсіпорын қызметкерлері ғана емес, қала тұрғындары да қатысты. Іс-шараға Павлодар облысының әкімі Асайн Байханов, Екібастұз қаласының әкімі Аян Бейсекин, станциямыздың ардагерлері мен қызметкерлері, қаламыздың құрметті азаматтары, студенттер мен оқушылар қатысты. Олардың әрбірі өз үлестерін қосып, жасыл да таза болашақ құру жолында тағы бір қадам жасады.